
ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Сібе және Дубығалы көлдерінің, жоғарғы және төменгі Тайынты көлдерінің, Бұқтырма су қоймасының жағалауларында көшпелі семинар өткізді
Бүгін, 2024 жылғы 30 мамырда ШҚО, Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті "Атамекен" ҚР ҰКП, құқық қорғау және уәкілетті органдар, БАҚ өкілдерінің қатысуымен салық заңнамасын түсіндіру бойынша кең ауқымды көшпелі семинар өткізді.
Семинарды Департамент басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш ашып, өз сөзінде облыс халқының салық сауаттылығын арттыруға, әділ салық салуды қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге бағытталған іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
Шығыс Қазақстан облысы – адами және табиғи әлеуеті мол еліміздің тау-кен өнеркәсібі өңірі, оның ауданы-98 мың шаршы шақырым, ал халық саны 2024 жылғы 1 сәуірге – 726,4 мың адамды құрайды.
Ұлан ауданы-ірі ауылшаруашылық аймағы. Аудан сонымен қатар Бұқтырма су қоймасының, Сібе және Дубығалы көлдерінің, жоғарғы және төменгі Тайынты көлдерінің жағалауларын, сондай-ақ облыстың барлық аумағында орналасқан туристік маршруттарды қамтитын туристік демалыс орталықтарының бірі болып табылады. Аудан аумағында қызметтердің үлкен тізімін ұсынатын демалыс базалары, дүкендер, дәмханалар, экскурсиялық турлар жұмыс істейді.
Ұлан ауданында бизнес субъектілерінің саны – 2 673 (заңды тұлғалар-361, ЖК-2312). Өңірдің экономикалық тұрақтылығын ауыл шаруашылығы айқындайды, ауданның негізгі тауары құс шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдері болып табылады.
Семинар барысында Департамент өкілдері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салық заңнамасындағы жалпы өзгерістерді айтып, жалпыға бірдей декларациялау және мобильді аударымдар мәселелерін жария етті.
Сондай-ақ, семинарға қатысушылардың назарына салық органдарында тіркеу есебіне қою, БКМ мен терминалдарды қолдану, салық есептілігінде жалдамалы жұмыскерлердің табыстарын көрсету, туризм объектілеріне салық салу тәртібі туралы заңнаманың ережелері жеткізілді. Сонымен қатар, спикерлер тауарларға ілеспе жүкқұжаттар және алкоголь өнімдерін сақтауға және бөлшек саудада сатуға лицензия алу тәртібі туралы хабарлады.
Семинар барысында Департаменттің, құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері Ұлан ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап берді, семинар соңында қатысушыларға салық салу, жалпыға бірдей декларациялау бойынша жадынамалар/буклеттер табыс етілді.