Жарияланған күні: 27.12.2023 10:51
Өзгертілген күні: 27.12.2023 10:52

Салық төлеушілердің келесі санаттары ҚҚС төлеушілер бола алады:

- жеке кәсіпкерлер;

- мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, резидент заңды тұлғалар;

- Қазақстан Республикасында қызметін құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асыратын резидент еместер.

Салық төлеушінің жоғарыда аталған санаттарының ҚҚС төлеушілер ретіндегі қызметі ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қоюдан басталады, оның тәртібі Салық кодексінің 82-85 – баптарында көзделген және ерікті не міндетті сипатқа ие.

Салық төлеушілер ҚҚС төлеуші ретінде 2022 жылдан бастап республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 20 000 еселенген мөлшерін құрайтын күнтізбелік жыл ішінде өткізу бойынша ең төменгі айналым асып кеткен жағдайда міндетті түрде қойылуға жатады (2023 жылы ең төменгі айналым 69 млн.теңгені құрайды). Ең төменгі айналымға үш компонентті интеграцияланған жүйені міндетті түрде қолдана отырып, қолма – қол ақшасыз есеп айырысу нысанында жасалған айлық есептік көрсеткіштің 124 184 еселенген мөлшері (428,4 млн.теңге) шегінде оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлердің айналымы енгізілмейтінін атап өту қажет.

ҚҚС бойынша міндетті есепке қоюға жатпайтын адамдар айналым мөлшеріне қарамастан, ҚҚС бойынша тіркеу есебі туралы салықтық өтінішті келу тәртібімен не электрондық түрде орналасқан жері бойынша салық органына беруге құқылы.

Барлық салық төлеушілер, оның ішінде жаңадан тіркелгендер үшін ҚҚС бойынша есепке қою салықтық өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі.

Салық төлеуші ҚҚС бойынша тіркеу есебінен бір мезгілде мынадай шарттарды сақтаған кезде алуға құқылы: салық өтінішін берген жылдың алдындағы күнтізбелік жыл үшін және ағымдағы күнтізбелік жылдың басынан бастап кезең үшін салық салынатын айналым мөлшері өткізу бойынша ең төмен айналымнан аспауға тиіс.

Ол үшін келу тәртібімен орналасқан жері бойынша салық органына ҚҚС бойынша тарату декларациясын қоса бере отырып, ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару туралы өтініш беріледі.

Жекелеген жағдайларда салық төлеушіні хабардар етпей, салық органының шешімі негізінде ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару жүргізіледі.

Салық органының шешімі бойынша ҚҚС бойынша ҚҚС төлеушіні тіркеу есебінен алу туралы ақпарат ҚҚС бойынша тіркеу есебінен алу туралы шешім шығарылған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.