Date of publication: 30.03.2016 17:47
Date of changing: 21.10.2019 15:35

Салық тексеруі - салық қызметі органдары жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы салық заңнамасының және орындалуын бақылау салық қызметі органына жүктелген Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының орындалуын тексеру.

Нұсқамада көрсетілген салық қызметі органдарының лауазымды адамдары, осы Кодекске сәйкес тексеру жүргізуге тартылатын өзге де адамдар мен салық төлеуші (салық агенті) салық тексерулерінің қатысушылар болып табылады. 

Салық тексерулерін салық қызметі органдары ғана жүзеге асырады. 

Салық тексеруін жүргізу үшін негіздеме:

1. Салық тексеруін жүргізу үшін мынадай деректемелерді: 

      1) нұсқаманың салық органында тіркелген күнімен нөмірін; 
      2) нұсқама шығарған салық органының атауын; 
      3) салық төлеушінің (салық агентінің) тегін, атын, әкесінің атын (ол бар болса) не толық атауын; 
      4) сәйкестендіру нөмірін; 
      5) тексеру түрін; 
    6) тексеретін тұлғалардың, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес тексеру жүргізуге тартылған өзге де тұлғалардың лауазымын, тегін, атын, әкесінің атын (олар болған жағдайда); 
      7) тексеру жүргізілетін мерзімін; 
      8) тексерілетін салық кезеңін (құжаттық тексерулер кезінде) қамтитын нұсқама негіздеме болып табылады. 

Салық төлеуші барлық керек реквизиттердің дұрыс толтырылғанын тексеру қажет.

Салық қызметі органының салық тексеруін жүргізуші лауазымды тұлғалары салық төлеушіге (салық агентіне) қызмет куәлігін көрсетуге міндетті. 

Салық төлеушіге (салық агентіне) нұсқама берілген кез салық тексеруін жүргізудің басталуы болып есептеледі. 
Салық төлеушінің (салық агентінің) нұсқаманы алудан бас тартуы салықтық тексеру жүргізудің күшін жоюға негіз болып табылмайды.

Салық төлеушінің салық органы нұсқамасының данасына қол қоюдан бас тартуы, салық органдарының лауазымды адамдарын салықтық тексеруге жібермеуді білдіреді және ол үшін ҚР ӘҚБтК-нің 278 бабы бойынша 95 445 тенге соммасы көлемінде айыппұл төлеуге әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Салық төлеушімен  салық тексеру кезеңіне сай  салықтық есеп беруге салық тексеру кезеңінде  өзгертулер мен толықтырулар жасауға тыйым салынады.         

Нұсқамаларда көрсетілетін салық тексерулерін жүргізудің мерзімі, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, нұсқама тапсырылған кезден бастап отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс. 

Тексеру жүргізу мерзімі салық төлеушіге (салық агентіне) салық қызметі органының мәліметтер мен құжаттарды беру туралы талаптарын тапсыру күні мен салық төлеушінің (салық агентінің) тексеру жүргізу кезінде сұрау салынған мәліметтер мен құжаттарды беру күні арасындағы, сондай-ақ басқа аумақтық салық органдарына, мемлекеттік органдарға, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, және Қазақстан Республикасы аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға салық қызметі органының сұрау салуы жіберілген күн мен аталған сұрау салу бойынша мәліметтер мен құжаттарды алған күн арасындағы уақыт кезеңіне тоқтатыла тұрады. 

Салықтық тексеру аяқталған соң салық органының лауазымды адамы салық тексеру актын жасайды.

Салық төлеушіге (салық агентіне) салық тексеруінің актісі тапсырылған күн салық тексеруі мерзімінің аяқталуы болып есептеледі. Егер салық төлеуші (салық агенті) оны алғаны туралы белгі қойса, акт тапсырылды деп есептеледі. 
Салық төлеушіге (салық агентіне) актіні табыс ету мүмкін болмаған жағдайда салықтық зерттеу жүргізіледі. Бұл ретте салық тексеруі мерзімінің аяқталуы салықтық зерттеу жүргізілген күн болып табылады.