Date of publication: 13.07.2026 16:47
Date of changing: 13.07.2026 16:47

2026 жылғы 6 шілдеде Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының концерт залында С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Бизнес және құқық жоғары мектебі түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Диплом алғандардың қатарында «Менеджмент», «Қаржы», «Есеп және аудит», «Экономика», «Құқықтану» және басқа да білім беру бағдарламаларының түлектері болды.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері де Өскемен қаласының жоғары оқу орындарымен жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында салтанатты рәсімге қатысты. Аталған меморандум жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, студенттердің білім беру үдерісін жетілдіруге, сондай-ақ салықтық және кедендік сауаттылығын арттыруға бағытталған.

Департамент меморандум аясында студенттерге салық және кеден заңнамасының нормалары, жалпыға бірдей декларациялау, жеке тұлғалардың банкроттығы, мобильді аударымдар мәселелері бойынша тұрақты түрде оқыту жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, студенттердің кәсіби практикасын ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерімен, мобильді қосымшаларымен жұмыс істеу дағдыларын тәжірибе жүзінде меңгеруіне, түрлі акциялар мен Ашық есік күндеріне қатысуына, мұражайға экскурсия жасауына мүмкіндік береді.

Негізгі назар салықтық мәдениетті арттыруға және болашақта мемлекеттік кірістер органдарына жұмысқа орналасуға қажетті білікті кадрларды сапалы даярлауға аударылады.

Диплом табыстау рәсімінің қорытындысында ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова Департамент атынан түлектерді жоғары оқу орнын сәтті аяқтап, диплом алуларымен құттықтады. Сондай-ақ оларды мемлекеттік кірістер органдарына жұмысқа шақырып, бұл салада құнды тәжірибе жинақтауға, кәсіби тұрғыдан өсуге және алған білімдерін тәжірибеде жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.