Date of publication: 04.06.2026 15:54
Date of changing: 04.06.2026 15:56

Мемлекеттік кірістер органдарында камералдық мониторинг шеңберінде рәсімдерді жеңілдету және процестерді цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін тоқтату кезінде салық төлеушілер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылуда.

Жаңа Салық кодексінің нормаларын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің м.а. 2025 жылғы 31 қазандағы №654 «Салық төлеушілердің таратылуы, қайта ұйымдастырылуы және қызметін тоқтатуы кезінде салық міндеттемесін орындаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығы қабылданды.

Қазіргі уақытта бизнес субъектілерінің жекелеген санаттарының қызметін тоқтату рәсімі жеңілдетілген форматта және негізінен электрондық түрде жүзеге асырылады. Енді құжаттарды тапсыру үшін мемлекеттік кірістер органдарына жеке жүгіну, маманның қабылдауын күту немесе қағаз түріндегі құжаттарды ұсыну талап етілмейді. Қызметті тоқтату туралы өтініш салық төлеушінің кабинеті арқылы қашықтықтан беріледі. Өтініш түскеннен кейін камералдық бақылау жүргізіледі, бұл ретте салық төлеуші мен мемлекеттік кірістер органдары арасындағы өзара іс-қимыл да электрондық форматта жүзеге асырылады.

Оң өзгерістердің бірі — мемлекеттік кірістер басқармасы маманының салық төлеушінің орналасқан жеріне бару қажеттілігінің болмауы. Бұл бизнес уақытын үнемдеуге және әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамада арнайы норма көзделгенін атап өткен жөн. Оған сәйкес, тарату шарттарына сәйкес келетін микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тарату кезінде, қызметін тоқтату туралы салықтық өтініш берілген жағдайда, 2025 жылғы 17 желтоқсанға дейін ұсынылған және 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдеріне қатысты салық есептілігі бойынша камералдық бақылау жүргізілмейді.

Аталған норма мынадай жағдайларды білдіреді, егер микро немесе шағын кәсіпкерлік субъектісі:

  • қызметін тоқтату туралы салықтық өтініш берген болса;
  • тарату шарттарына сәйкес келсе;
  • қызметін тоқтатуға кедергілері болмаса,
  • онда мұндай өтінішті қарау кезінде 2025 жылғы 17 желтоқсанға дейін ұсынылған, егер ол 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдеріне қатысты болса, салық есептілігі бойынша камералдық бақылау жүргізілмейді.

Камералдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды электрондық түрде қалыптастырылып, жолданады. Салық төлеуші қорытындыны мемлекеттік кірістер органдарына бармай-ақ, салық төлеушінің кабинеті арқылы алып, таныса алады. Мұндай формат ақпаратты жедел алуды, рәсімдердің ашықтығын және кәсіпкерлер үшін қолайлылықты қамтамасыз етеді.

2026 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысы бойынша 170-тен астам заңды тұлғаға қызметін тоқтату туралы өтініш негізінде жеңілдетілген камералдық бақылау жүргізілді.

Электрондық форматқа көшу қызметті тоқтату процесін жеделдетуге, қағаз құжат айналымын қысқартуға және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.