
Сұрақ: ЖШС cатып алушы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданған. 2025 жылғы қазанда ҚҚС төлеуші болып тіркелген. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке көшкен. 2025 жылдың қыркүйек айында жеткізушіге тауар үшін 5,0 млн теңге мөлшерінде алдын ала төлем аударылған. Нақты түрде тауар жүкқұжат бойынша 2026 жылғы мамырда алынған. Аталған тауарды кейіннен сату кезінде сатып алушының 5,0 млн теңге сомасындағы сатып алу шығындарын корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімдерге жатқызуға және осы соманы ҚҚС бойынша есепке жатқызуға құқығы бар ма?
Жауап: Қазақстан Республикасы Салық кодексінің нормаларына сәйкес:
- тауардың 2026 жылғы мамыр айында сатып алынғанын ескере отырып, оны сатып алуға байланысты шығындар Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген нысан мен талаптарға сәйкес рәсімделген бастапқы есеп құжаттарының негізінде және табыс алуға бағытталған қызметті жүзеге асыру мақсатында тауардың сатып алынғанын растайтын құжаттар болған жағдайда, 2026 жылғы есепті кезең үшін корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияда (100.00-нысан) шегерімдерге жатқызылуға тиіс;
- егер сатып алынған тауарлар салық салынатын өткізу айналымы мақсатында пайдаланылса немесе пайдаланылатын болса, олар бойынша ҚҚС төлеуші болып табылатын жеткізуші жазып берген шот-фактура негізінде, тауар алынған күнге сәйкес келетін есепті кезеңде шот-фактура жазылған күні есепке жатқызылуға тиіс.




























