Date of publication: 20.08.2020 16:59
Date of changing: 20.08.2020 17:00

 «Қазақстан Республикасы азаматтарының Армения Республикасында тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуі мен пайдалануының кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің ағымдағы жылғы 20 мамырдағы № 306 қаулысына сәйкес 2020 жылғы 1 маусымнан бастап 1 қыркүйекке дейін ішкі істер органдары Арменияның уәкілетті органдарында Қазақстан азаматтарына тіркелген және 2020 жылғы 1 ақпанға дейін Қазақстанға әкелінген, басқару органдары сол жақта орналасқан көлік құралдарын тіркеуді жүргізуде.

Осы қаулының шеңберінде автомобильдерді тіркеу және одан әрі пайдалану кезінде автомобильдерді бастапқы тіркеу және кәдеге жарату үшін кедендік баждарды, алымдарды төлеудің қажеті жоқ.

Тіркеу құны 12 мың теңгеден сәл артық (695 теңге – тіркеу үшін алым, 3 773 теңге – техникалық паспорт үшін баж және 7 778 теңге – мемлекеттік нөмір үшін).

Қаулыға сәйкес тіркелген автомобильдер Қазақстанда мерзімін шектеусіз пайдаланыла алады.

Автокөлікті есептен шығару меншік иесінің қалауы бойынша, бұрын оған Арменияда берілген техпаспортты және мемлекеттік нөмірді қайтару арқылы жүргізіледі (мамандандырылған ХҚКО мұрағаттарында мерзімсіз сақталады).

Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 1 қыркүйектен кейін белгіленген тәртіппен тіркелмеген автомобильдерді пайдаланатын жүргізушілер 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу және автомобильді мамандандырылған тұраққа қою түрінде жауапкершілікке тартылады (Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің                        590-бабының 2-бөлігі).

Бұдан басқа, Еуразиялық экономикалық одаққа Арменияның қосылуы туралы шартқа сәйкес Арменияға ЕАЭО-ның бірыңғай кедендік тарифінен төмен кедендік баждарды төлей отырып әкелінген автомобильдерді Арменияда тұрақты тұрмайтын адамдар тек автомобильдерді кедендік декларациялау және кедендік баждардың, салықтардың айырмасын төлеу шартымен ғана ЕАЭО-ның басқа елдеріне әкеле алады, сондай-ақ иеліктен шығара алады, пайдалануға, билік етуге бере алады.

Осыған орай мемлекеттік кірістер органдары осы жылдың 1 қыркүйектен бастап бұрын Арменияда төленген кедендік баж бен Қазақстанда төлеуге жататынның айырмашылығын өндіруді жүргізе бастайды.