Date of publication: 21.05.2019 15:19
Date of changing: 24.10.2019 14:43

Салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары

бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру

 

Салық төлеуші (салық агенті) – заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің, дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның банктік шоттары (корреспонденттікті қоспағанда) бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртiппен мынадай:

      1) салық төлеушi (салық агенті) Салық заңнамасының нормасында белгіленген мерзiмде салықтық есептiлiкті ұсынбаған жағдайда –хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні өткен соң;

      2) салық төлеуші қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті ұсынбаған жағдайда – Салық заңнамасының нормасында көзделген хабарлама табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күні өткен соң;

      3) тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес мынадай:

      тәуекел деңгейі жоғары санатқа жатқызылған салық төлеуші (салық агенті) бюджетке салықтық берешекті өтемеген жағдайда – салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап бір жұмыс күні өткен соң;

      тәуекел деңгейі орташа санатқа жатқызылған салық төлеуші (салық агенті) бюджетке салықтық берешекті өтемеген жағдайда – салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап он жұмыс күні өткен соң;

      4) Салық заңнамасының нормасында белгiленген салықтық тексеру жүргiзу тәртiбiн бұзу жағдайларынан басқа, салық органының лауазымды адамдарын салық салу объектiлерiн және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердi салықтық тексеруге және зерттеп-қарауға жібермеген жағдайда – жіберілмеген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде;

      5) Салық заңнамасының нормасында көзделген хабарламаны қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жері бойынша болмауына байланысты пошта немесе өзге де байланыс ұйымы жіберілген хабарламаны қайтарған жағдайда – қайтарылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде;

      6) Салық заңнамасының нормасында белгіленген талапты орындамаған жағдайда – Салық заңнамасының нормасында белгіленген мерзім өткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде;

      7) салық органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалмаған жағдайда – Салық заңнамасының нормасында көрсетілген мерзім өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң жүргізіледі.

Банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру, мыналардан  Салық заңнамасының нормасында көзделген салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кедендік төлемдерді, әлеуметтік төлемдерді, оларды уақтылы төлемегені үшін есепке жазылған өсімпұлды, сондай-ақ бюджетке енгізілуге жататын айыппұлдарды төлеу жөніндегі операциялардан және ақшаны:

өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарды, сондай-ақ алименттерді өндіріп алу жөніндегі талаптарды қанағаттандыруды көздейтін атқару құжаттары бойынша;

еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдармен есеп айырысу үшін, жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеу және еңбегіне ақы төлеу бойынша, авторлық шарт бойынша сыйақылар төлеу, әлеуметтік төлемдерді аудару жөніндегі клиенттің міндеттемелері бойынша ақшаны алып қоюды көздейтін атқару құжаттары бойынша, сондай-ақ мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы атқару құжаттары бойынша;

салықтық берешекті, әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті өтеу бойынша алып қоюдан басқа салық төлеушiнiң (салық агентінің) барлық шығыс операциясына қолданылады.

Салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органының өкімінде көрсетілген салықтық берешек сомасының шегінде жүргізіледі.

Салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органының өкімі екінші деңгейдегі банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың бұлжытпай орындауына жатады және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген кезектілік тәртібімен орындалады.

Шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiм шығарған салық органы банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру себептерi жойылған күннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiмнiң күшiн жояды.

     Түсіндіру жұмысы басқармасы