Date of publication: 28.04.2022 17:49
Date of changing: 28.04.2022 17:50

ОКҚ алаңында көп функциялы «Е-Salyq Business» мобильді қосымшасы таныстырылды

 

Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл ел аумағында жұмыс істейтін «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын әзірлеп, іске қосты. Әзірлеудегі негізгі мақсат Мемлекет басшысының жеке кәсіпкерлердің салық міндеттемелерін орындау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету туралы тапсырмасын іске асыру болып табылады. Бұл туралы 2022 жылдың 27 сәуірінде Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ҚМ МКК төрағасының орынбасары Азамат Панбаев хабарлады.

Бұл тегін қосымшаны App Store, Play Market және App Gallery-ден жүктеуге болады. Бүгінгі таңда қосымшаны 27 мыңнан астам кәсіпкер пайдалануда.

«E-Salyq Business» мобильді қосымшасы бірқатар салық рәсімдерін жеңілдетті.

Мобильді қосымшаның функционалы:

1) жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге;

2) кассалық чектің орнына мобильді қосымшаның чегін беруге;

3) қосымшада берілген чектер негізінде кәсіпкердің кіріс есебін жүргізуге;

4) салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеуге;

5) жалдамалы қызметкерлердің және олардың табыстарының есебін жүргізуге;

6) оңайлатылған декларацияны тапсыруға (910.00 нысан);

7) кәсіпкерлік қызметті оңайлатылған тәртіпте тоқтатуға мүмкіндік береді.

 Одан бөлек, «E-Salyq Business»-те ыңғайлы сервистер әзірленуде. Олардың көмегімен салық органдарының жіберген хабарламасын алуға; бір төлем құжатымен бірнеше салықты төлеуге; артық не қате төленген салықтарды алдағы салықтар есебіне жатқызуға немесе қайтарып алуға болады.  Сондай-ақ, бірқатар анықтамаларды да алу мүмкіндігі бар. Мысалы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу туралы, оның және оның жұмысшыларының табысы туралы анықтамаларды ала аласыз. Бұлардың барлығы талап етілген жерге ұсынуға арналған.

Осылайша, мобильді қосымшада жеке кәсіпкердің салық міндеттемесін орындаудың барлық өмірлік циклі қарастырылған.

Баспасөз конференциясы барысында А. Панбаев онлайн режимде
«E-Salyq Business» мобильді қосымшасының бірқатар мүмкіндіктерімен таныстырды.

«Біз «E-Salyq-Business» мобильді қосымшасының көмегімен кәсіпкерлер салық органдарына бармай-ақ, барынша мүмкін болатын қызметтер спектрін қашықтықтан алатындай етіп жасауға тырысудамыз», - деді спикер.

Тұтастай алғанда, кәсіпкерлер аталған өнімге қызығушылық танытып отыр. Мобильді қосымшаның жетілдіруге қатысты түскен барлық ұсыныстар мен ескертулер талқыланып, ең қызықты және қажеттісі жұмыс жоспарына енгізіледі.

Мысалы, еңбек шарттары бойынша деректерді алу және беру үшін Еңбек министрлігімен интеграциялау бөлігіндегі ұсыныстар қолдау тапты.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы «E-Salyq Business»  қосымшасын алдағы уақытта фермерлер мен шаруа  қожалықтары да пайдаланатындай етіп, функционалын кеңейту жоспарланып отыр.

А. Панбаев функционалдың жұмысын жетілдіру бойынша жұмыс әрі қарай да жалғасын табады деп сендірді.