Date of publication: 16.05.2019 17:00
Date of changing: 25.11.2019 09:15

ҚҚС сомаларын есепке жатқызу туралы

 

Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті келесіні хабарлайды.

Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VI «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (әрі қарай – Салық кодексі) 413-бабы 1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес шот-фактура қалған жағдайларда – өткізу бойынша айналымды жасау күнінен ерте емес және осындай күннен кейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмей жазып беріледі.

Салық кодексінің 400-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес егер алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер өткізу бойынша салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылса немесе пайдаланылатын болса, солар үшін төлеуге жататын және Салық кодексінің 400-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған жағдайда – қосылған құн салығы бөліп көрсетіліп және өнім беруші салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі көрсетіле отырып, шот-фактураны жазып беру күніне қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын өнім беруші жазып берген шот-фактурада немесе жол жүру билетінде (қағаз жеткізгіште, электрондық билетте, электрондық жол жүру құжатында) көрсетілген қосылған құн салығының сомасы осы Салық кодексінің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы есепке жатқызатын қосылған құн салығының сомасы деп танылады.

Салық кодексінің 402-бабы 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес есепке жатқызу үшін негіз болып табылатын құжатта осындай құжатты жазып берген тұлғаның және (немесе) осындай құжат жазып берілген тұлғаның сәйкестендіру нөмірі көрсетілмеген немесе дұрыс көрсетілмеген;

шот-фактурада құжатты жазып беру күні, шот-фактураның нөмірі, тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің атауы, салық салынатын айналымның мөлшері туралы деректер көрсетілмеген;

шот-фактура осы Салық кодексінің 412-бабының талаптарына сәйкес куәландырылмаған;

шот-фактура осы Салық кодексінің 412-бабының талаптарын бұза отырып, қағаз жеткізгіште жазып берілген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алуға байланысты төлеуге жататын қосылған құн салығы есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығы деп танылады.

Жоғарыда мазмұндалғандардан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы жазып беру мерзімі сақталмаған шот-фактура бойынша егер алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер өткізу бойынша салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылса немесе пайдаланылатын болса және осындай шот-фактурада Салық кодексінің 402-бабы 1-тармағының 3-тармақшасында көрсетілген реквизиттер дұрыс көрсетілсе ҚҚС сомасын есепке жатқызуға құқығы бар.

Сонымен бірге, заңнамамен шот-фактура жазып беру мерзімі бұзылғандығы үшін жауапкершілік қарастырылғанын хабарлаймыз, ол Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ 280-1 бабы 3, 4 бөліктеріне сәйкес салық төлеушінің мерзімді бұза отырып, шот-фактураны электрондық нысанда жазып беруі – ескерту жасауға әкеп соғады. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

ШҚО бойынша МКД,

Түсіндіру жұмыстары басқармасы