Date of publication: 16.05.2019 16:08
Date of changing: 22.11.2019 15:07

Шетел жұмыскерлерінің кірістеріне салық салуға қатысты (бейрезиденттер)

 

Тәжірибе көрсеткендей, шетел жұмыскерлерінің кірістеріне салық салуға қатысты салық агенттерінен жиі сұрақтар келіп түседі.

Салық заңнамасының нормаларына сәйкес бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістеріне бейрезидент-жеке тұлғаның жұмыс беруші болып табылатын резидентпен немесе бейрезидентпен жасасқан еңбек шарты (келісімі, келісімшарты) бойынша Қазақстан Республикасындғы қызметтен түсетін кірістері танылады.

Бұл ретте, төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік бейрезидентке кірісті төлейтін және салық агенті деп танылған тұлғаларға жүктеледі.

Салық кодексінің 320-бабы 1-тармағымен салық мөлшерлемесі 10% мөлшерінде қарастырылған.

Жеке табыс салығын есептеуді салық агенті салықтық шегерімдерді жүзеге асырмастан жұмыс беруші болып табылатын резидентпен немесе бейрезидентпен жасасқан еңбек шарты (келісімі, келісімшарты) бойынша Қазақстан Республикасындғы қызметтен түсетін кірістерден бейрезидент-жеке тұлғаның кірістер сомасына 10 % мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.

Осылайша,  шетел жұмыскерлерінің кірістері еңбек шарты бойынша 10%  мөлшерлемесі бойынша жеке табыс салығы салықтық шегерiмдер жүзеге асырылмай салынады.

Сонымен, егер бейрезидент Салық кодексінің ережелеріне сәйкес резидент болып табылса (ҚР аумағында осындай жұмыскерлер 183 күнтізбелік күннен артық болуы), онда жеке табыс салығын есептеу кезінде салықтық шегерімдер қолданылады.

Сонымен қатар, Салық кодексінің 484-бабы 2-тармағына сәйкес жұмыскердің кірістері бойынша жұмыс берушінің шығыстары әлеуметтік салық төлеушілері үшін салық салу объектісі болып табылады.

Осылайша, еңбек шарты бойынша Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін  шетел жұмыскерінің кірістеріне  9,5 % мөлшерлемесі бойынша әлеуметтік салық салынады және салық агентінің міндеті болып табылады.  

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, шетел жұмыскерінің есептелген кірісі бойынша жеке табыс салығын, әлеуметтік салығын  есептеу жүргізіледі. Әлеуметтік төлемдер  Қазақстан Республикасында тұрақты  тұратын шетелдіктерге есептеледі және аударылады. Бұл ретте,  шетел жұмыскерінің мемлекетімен халықаралық шарттың болуын ескеру қажет. 29.05.2014 жылы қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шарт шеңберінде, мүше мемлекеттердің еңбекшілерін әлеуметтік қамтамасыз етудің басқа тәртібі қарастырылған.

 

ШҚО бойынша МКД  түсіндіру жұмыс басқармасы